22.11.2024

Оқулықтағы олқылықтар опық жегізбесін

Қазіргі мектеп оқулықтары «Білім», «Атамұра», «Алматы кітап», «Жазушы», «Мектеп», «Арман-ПВ» секілді баспалардан шығуда. Әр түрлі баспадан шыққан оқулықтардың сапасы қандай? Жаңартылған білім мазмұнының ең басты артықшылығы неде? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде бірқатар  ұстаздар мен ата-аналардың пікірін білген едік.

Реформаға жиі ұшырайтын екі сала болса, соның бірі – білім. Неше жылдан бері бұл салада өзгерістер жиі орын алуда. Тіпті жалпы білім беретін мектептердің оқу бағдарламасы жаңа мазмұнға көше бастағанда қоғамның пікірі екіге жарылған еді. Көптеген ата-ананың көкейінде «Бұрыннан қалыптасқан классикалық жүйемен оқыта берсе қайтеді, бәріміз де сонымен оқып-ақ адам болдық қой» деген ой тұрды. Алайда білім саласындағы мамандардың өз уәжі бар. Олардың пікірінше, білім саласы да бір орнында тоқтап қалмай, әрі қарай дамуы керек. Ғылым мен технологияның қарқынды дамуы оқыту әдістемелеріне де түбегейлі өзгерістер енгізуді талап етіп отыр. Осыған сәйкес білім берудің басты құралы – оқулықтар да заман талабына сай өзгеруі тиіс.

«Баламды   мектепке   біл   деп   бердім»

Бүгінде ата-аналардың дені ұл-қыздарының үй тапсырмаларын орындауда қиналып, әлеуметтік желілер арқылы мұғалімдерден ақыл-кеңесті жиі сұрайтыны жасырын емес. Оқулықтағы мектеп оқушысының жасына сәйкес келмейтін тапсырмалар, қате деректер мәселесі алдымен ата-аналарды алаңдатып отырған жайы бар.

Биыл немересін 1-сыныпқа апарған Орал қаласының тұрғыны, зейнеткер Алма Биданованың айтуынша, «Сауат ашу» оқулығының (Алматы қ., «Атамұра» баспасы, авторы Ә. Е. Жұмабаева) 154-бетінде ұзақ, шөлдеді, құмыра, тұмсығы, су, тас, салды, көтерілді деген тірек сөздерді қолдана отырып ертегі құрастыр дегені қисынға келмейді. Өйткені бірінші сыныптың оқушысы ертегі құрастырмақ түгілі, ертегі қандай әдебиеттік жанрға жататынын білмейді. Сондай-ақ сол бетте қозы мен түйенің әңгімесі жазылған. Қозы түйеден «Арқаңдағы шошайған не?» – деп сұрайды. «Өркеш қой» – десе, «Өркеш саған не үшін керек?» – дейді қозы.

Сол жауапқа оқушы жауап беруі тиіс. Яғни түйеге өркештің не үшін қажет екенін бала түгілі, үлкендердің өзі біле ме?!

– Мен төрт бала тәрбиелеп өсірдім. Шүкір, бәрі мектепте өте жақсы оқыды. Өйткені олардың оқу үлгерімін «өз әдісім» бойынша қатаң қадағаладым. «Өз әдісім» дегенім – бала алғаш мектеп табалдырығын аттағанда оның әріп танып, оқу-жазуды толық меңгергеніне дейін екінші мұғалімнің қызметін атқаруым. Әр ата-ана осы тәсілді қолдануы тиіс. Екі тараптан да талап болса ғана бала оқуға ден қояды. Бастапқыда балаға мән берілмесе, ол жалқаулардың қатарын толықтырып жүре береді. «Баланы жастан…» деген бар ғой. Ал мұғалімнің бір сыныптағы 20-30 баланың әрқайсысымен жеке-дара жұмыс істеуге мүмкіндігі болмайтыны түсінікті. Міне, осы әдіспен биыл мектеп табалдырығын аттаған немеремді де оқытайын деп едім, оқулықтарының мазмұнын көріп, қиналып кеттім. Мәселен, «Сауат ашу» оқулығының алғашқы беттерінде топтасқан сөйлемдер арқылы оқушыға тапсырмалар беріледі екен. Оқуды толық меңгермеген бала бұл тапсырмаларды қалай түсінеді? Осылайша, оқулықтың ортасына келген кезде ғана оқушы «А» әрпін, одан кейін «Н», «Л», «Р», «О» деп кезек-кезегімен әліпбиді үйре-неді. Бұрын 42 әріпті рет-ретімен жаттаушы едік. Қазіргісі қызық… Сосын осы оқулықтың жетінші бетіндегі бір мәтінде «Мен Момышұлы көшесіндегі №15 үйде тұрамын» деген сөйлем бар. «Момышұлы» деген сөздің алдына оның кім екенін және есімін толық жазуға болады ғой. Ал 1-сыныптың математика оқулығының бір бетінде ноталардың суреті қойылған. Әрі онда: «Музыкалық ноталарды ата. Олардың саны қанша?» деген тапсырма бар. Ал қараңыз, музыкадағы нота атауының математикаға қандай қатысы бар?

Айта берсек, осы сияқты ата-анаға түсініксіз мәселелер өте көп, – дейді ол.

Ал Жанар Хамзина есімді замандасымыздың айтуынша, жалпы білім беретін мектептердің 1-сынып оқушыларына арналған «Smiles 1 Pupil’s Book for Kazakhstan Grade 1» (Jenny Dooley, Virginia Evans, аударған Н. Мұхамеджанова) ағылшын тілі оқулығының түстер бөлімінде «blue» орысша «голубой» деп берілсе, қазақша «көк» деп аударылған. Дұрысы, әрине, «көгілдір». «Pink» орысша «розовый» делінсе, мемлекеттік тілде «ал қызыл» деп көрсетіліпті. Дұрысы, бұл – сөз тіркесі емес, бір сөз, бірге жазылады. Бұрыс жазу сандар бөлімінде де байқалады. Мәселен, three қазақшасы «уш» деп беріліпті. «Table» қазақшасы «устел» екен. «Big» дегеніміз «улкен» көрінеді. «Ү» әрпін не үшін «У»-ға алмастырғаны түсініксіз. Сондай-ақ «Chicken» «таүық» болып, «у» әрпі негізсіз «ү»-ге өзгертілген.

Ұстаздардың  да  айтары  бар…

Оқулықтағы олқылық мәселесі ата-аналарды алаңдатса, мұғалімдерді мең-зең күйге түсіретіні белгілі. Өйткені олар кітаптағы ақылға қонымсыз кейбір тапсырмалардың, тарихи қате деректердің мән-жайын біле тұра, оны оқушыға үйретуге ары жібермейді, ал «жоғарыдағыларға» ашық айтуға батылы жетпейді.

– Оқулық сапасы тек орфографиялық қателікпен өлшенбейтіндігі белгілі. Оқулық сапасындағы қойылатын басты талап – мұғалім мен оқушының үндесіп жұмыс істеуіне жағдай туғызу.

Осы тұрғыдан сапасы төмен, құрылымы күрделі оқулықтар білікті ұстазды кері тартып жататындығы тағы бар. Біріншіден, бекітілген нақты бір ғана оқулықтың болмауы да бүгіндері өз зардабын тигізуде. Мысалы, жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған Қазақстан тарихы оқулығы күні бүгінге дейін қос автордың кітабымен оқытылып келді. Тіптен кітаптың ішіндегі тарихи оқиғаларға қатысты қарама-қайшылық пән мұғалімдерінің өзін жаңылыстырады. Екіншіден, біздің Тарих пәні оқулықтарынан қазақылықтың иісі шықпайды. Халықтың еркіндік пен теңдікке деген ұмтылысы да жеткілікті дәрежеде суреттелмеген.  Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша жарық көрген оқулықтардан ұлттық бояу сезілмейді. Үшіншіден, оқулықтар қайта басып шығарылған кезде ондағы фактілер мен тақырыптардың реті жиі өзгеріске ұшырамаса екен дейсің. Мысалы, күй атасы Құрманғазының өмір сүрген уақыты “Атамұра” баспасынан шыққан 8-сыныптың оқулығында 1823-1889 жылдар деп көрсетілсе, дәл осы сыныпқа арналған “Мектеп” баспасының оқулығында 1823-1896 жылдар деп көрсетілген. Тап осындай қателік шертпе күйдің негізін салушы Тәттімбет Қазанғапұлының өмір сүрген жылдарында да қатысты. Төртіншіден, жаһандану заманы екен деп бүкіл пәннің негізгі миссиясын өзгертудің қажеті жоқ. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов “Әліппенің” Ахмет Байтұрсынов ұсынған үлгісіне қайта ораламыз деген еді. Құптарлық іс. 1910 жылы жарыққа шыққан “Әліппе” оқулығының бүгіндері қайта сұранысқа ие болуының басты себебі  неде?! Өйткені бұл оқулықтың қазақ баласының ой-өрісін дамытуда теңдессіз оқулық екені уақытпен сыналған. Бұл ретте авторларды жөнді-жөнсіз сынай бергім де келмейді. Көрнекті ғалым А. Колмогоров айтпақшы, «Оқулық жазу – реактивті ұшақ жасаумен теңдей құбылыс. Десе де, қандай оқулық болса да ұлтқа, оның болашағына қызмет етуі керек-ақ, – дейді ҚР Білім беру саласының үздігі Дәурен Сағынғалиев.

Аты-жөнін атағысы келмеген Жанат есімді мұғалім жаңартылған білім бағдарламасы бойынша бесінші мен алтыншы сыныптың, сондай-ақ жетінші мен  сегізінші сыныпқа арналған тарих оқулықтарының ішкі мазмұны ұқсас екенін айтады.

– Оқушылар былтыр тарихтан оқыған тақырыптарын биыл екінші мәрте қайталауда. Ал 10-11-сыныптарда тарих сабағы өткізілмейді десем де болады. Өйткені жоғары сыныптар «Ұлы дала» ұғымы, Орталық Азия өркениеті, әлемдік өркениет, Ұлы дала өркениеті секілді түрлі «өркениетті» оқиды. Бұрын 10-11-сыныптардың оқушылары тарих сабағында өткенді қайталап, қорытындылап, соның нәтижесі бойынша тапсырмалар орындап, ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалатын. Жалпы, тарих оқулығында жүйе жоқ. Менің ойымша, 6-сынып оқушыларына қазақ хандығына дейінгі тарихты толық оқыту қажет, 7-сыныпта қазақ хандығының құлауы, Ресейдің қоластына кіруіне дейінгі тарих қамтылу керек, ал одан ары қарай I дүниежүзілік соғысқа дейінгі тарих 8-сыныпта оқытылғаны жөн болар еді. Сөйтіп, сатылап, рет-ретімен Тәуелсіздік алғанымызға дейінгі және кейінгі барлық тарихымыз түсінікті тілмен орта мектептегі оқушылардың санасына сіңуі қажет, – дейді ол.

Жаңартылған  білім

Бұл орайда  облыстық  білім басқармасының мамандары жаңартылған оқу бағдарламасының тиімді екенін және оның негізгі мақсаты – оқушылардың  тәжірибе жұмыстарын орындау кезінде алған деректердің негізінде жаңалық ашуға, табиғат заңдылықтарын өз беттерінше табуға бағыттау екенін алға тартады.

– Негізгі орта білім беру деңгейіндегі Қазақстан тарихы, Дүниежүзі тарихы пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасының негізгі ерекшеліктеріне тоқталсақ, мазмұн көлемі бірнеше тақырыптық бөлімдердің біріктіру арқылы ықшамдалып, Қазақстан тарихы мен Дүниежүзі тарихы арасындағы пәнаралық байланыс күшейтілгендігінде. Қазақстан тарихы пәні бойынша әр тақырыпқа зерттеу сұрақтары қарастырылса, Дүниежүзі тарихы бойынша ұзақ мерзімді жоспардағы тақырыптар білім алушылардың сын тұрғысынан ойлау, өздігінен талдау жасау дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін проблемалық сұрақтар түрінде құрастырылған. Қазақ тілі пәнінен жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламасын меңгеруде әр пәннің әдістемелік әлеуетін қолданып, оқу, жоба ойлап табу, зерттеу жүргізу маңызды, – дейді олар.

P.S.  Ата-ана оқулықтың қателігін айтса, баспа мен автор төл дүниесін қорғайтыны белгілі. Оқулық шығаратын орталықтардың жұмысын жоққа шығара алмаймыз. Айналып келгенде, бәрінің илегені «бір терінің пұшпағы». Бәрі де оқулықтың сапалы болуы үшін барынша еңбектенуде.

Десек те, біздегі тілек – «баяғы жартас, сол жартас» күйінде қалмай, олқылық түзеліп, оқулықтар оңалатын күнге тез жетсек екен!..

Гүлсезім БИЯШЕВА,

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА