Сыныптастар сыры

Соңғы жылдары мектеп реформасына деген талап пен сұраныс сан-қилы шарттармен толықтырылып, ұстаздардың санасын шарқ ұрдырды. Дұрыс делік. Бірақ, ең маңызды мәселе – бала жанына не қажеттілігін ескереміз бе?

Ақ пен Қара секілді “үздік” пен “орташа”, “нашар” ұғымын еңгізген мектеп қабырғасынан шыққан баланың психологиясының қай деңгейде қалыптасқанына, өмірде “кірпіш боп қалана алатына” деген сенімділіктің бар не жоқ болуына мән береміз бе? Мәселе осы жайында болмақ.

Он бір жыл бойы бір партада отырған екі сыныптастың бір-біріне деген жағымсыз сезімнің сыры, араға он сегіз жыл салғанда ашылды. Қалай десеңіз, мұқият оқып сараларсыз. Түсінікті болуы үшін шартты түрде – “Үздік”, “Нашар” деп алайық.

Үздік

“Тұлға” болып қалыптасу жолында мектеп қабырғасында өткен жылдардың берері мол екеніне көзім жетті. Бала психикасының қалыптасуына, болашақта өзіне қажетті жолын табуына бастауыш сыныптың атқарар ролі өте маңызды.

Білім саласындағы ең басты қателік – мектеп табалдырығын енді аттаған баланың бәсекеге лайық не лайық еместігін сараптамауында. Білім министірлігі оқу жоспарын бар балаға бірдей деңгейде бекітеді. Талап етеді. Ең үлкен қателік: талапты орындауға барлығының мүмкіндігі бірдей ме жоқ па ескермейтіні.

Бір бала жылдам қабылдаған сабақты, екінші бала тап солай жылдам қабылдауы тиіс деп қарау, табиғатынан қабылдау қабылеті баяу бала үшін ең ауыр жаза. Бес саусақ бірдей еместігін біле тұра, барлық балаға бірдей жоспарлы бағдарламаны тықпалап, бірдей талап етудің болашақта бала тағдырына балта шабу мүмкіндігі барын ескермеу – бойкүйездікке, бейтараптыққа тірейді.

Нашар

Оқушы кезімде өзімді мәңгілік қамауда жүргендей сезінемін. Осы күні ойланып қарасам, ол сезім бастауыш мектептен бойымда қалыптасқан екен. 11 сыныпты соңына дейін жеткізу мен үшін бітпейтін жазадай көрінетін. Шынымды айтсам, мектепті анамды аяғаннан аяқтадым.

Бүгін өмір бойы жеккөрген сыныптасыммен кездестім. Жиында қатар отыруға мәжбүр болдық. Оның мен білетін ашық-жарқын, ештеңеден қаймықпайтын мінезі еш өзгермеген. Алғашында амандасқым келмеді. Бірақ тілдесе келе көп мәселенің басы ашылды. Сөйлесуге мәжбүр болдық. Сөйлесе келе менің белшешімге бара алмайтын жасқаншақтығымның түп-тамыры алғашқы қоңыраудан басталғанын ұғындым.

Үздік

Бірінші сыныпқа барғанда айтқанды қағып алудан, жылдамдыққа оқудан жарыс болатын. О бастан бәсекені жаным қалайтындықтан жылдам оқуда алдымнан жан салмайтынмын. Уақыт өте келе бала болсам да қасымдағы нашар оқитындарды менсінбейтін әдет таптым.

Апайым кілең мақтап, “5”-ке толы сөмкемді үйге мақтанышпен көтеріп келетінмін. Бірақ мен үшін қуанышты жайттың “Нашар” үшін бақытсыздық екенін, бала бойында үрейдің қалыптасуы осы – жылдам оқудан жарыстан басталатынын есейгенде түсіндім.

Нашар

Табиғатымнан баяу қабылдаймын. Әлі күнге солай. Алғашқы күннен Үздік сыныптасым екеумізді бір партаға отырғызды. Ол апайдың тапсырмасын заулата оқып шығады. Мен әр сөйлемнің аяғына дейін оқып шығамын дегенше жан терім шығатын. Нәтижесінде ол – 5, мен – 2 аламын.

Апайымыз сабақты ең алдымен оған оқытатын. Заулата оқып шыққанына риза болып, мен сияқтылардың бетіне топастығымызды басатын. Ұяламын. Барымды саламын. Еш болмайды. Әр тоқсан сайын болатын ата-аналар жиналысы мен үшін соттан бетер болатын.

Сол күндерімді ойласам, әлі күнге жотам қара терге шомылады. Себебі, жиналыстың басты кейіпкерінің бірі мен болатынмын. Жиналысқа ата-аналармен бірге апайым мені де алып қалады. Сонша оқушының арасынан жалғыз өзіңнің үлкен ата-аналардың алдында жиналысқа түскеннің қасыретін көз алдыңызға келтіріп көріңіз.

Тақтаға мені шығарып, сабақты ұқпайтыным, оқи алмайтыным, қатарымнан қалатынымды мамама айтады. Мамам жерге қарайды. Маманың жерге қарағанына жаным қысылатыны соншалық, тесік тапсам жерге кіріп кеткім келетін. Мамам апайымнан мен үшін кешірім сұрағанда қорланғаннан өзімді жер бетіндегі ең бақытсыз адам деп сезінетінмін.

Үздік

Білім саласындағы ең басты қателік – баланың бәсекеге лайық не лайық еместігін сараптамауында. Әр адамға табиғатында барын береді. Жоғын қанша жерден қалағанмен, етінен ет кесіп алсаңыз да ала алмайсыз. Баланың табиғатында жоқты көпшілік алдында талап ету – әлі психикасы қалыптаспаған балаға берілетін ең алғашқы соққы.

Егерде баланың бойындағы баяулықты, мүмкіндігінің шектеулігін о бастан ескеріп, қабылдау деңгейіне лайық оқытса, бәлкім, нашар оқыған баладан керемет ғалым, инженер не он саусағынан өнері тамған шебер шығар ма еді. Білім министрлігі бекіткен “бірдей оратын шалғының” бала үшін ең басты зияны осыдан – бала табиғатын зерттеместен талап етуден басталады. Әсіресе, бастауыш сынып мұғалімінің бала психикасына мән бере отырып оқыта білуі өте маңызды.

Нашар

Мектепке бала хрусталь шыныдай өте нәзік психикамен келеді. Баланың қай пәнге зейіні барына мән беріп, қалағанын оқуына мүмкіндік жасаса, жаман оқушы болмас еді. Бір бала – көру арқылы білімді қабылдайды. Екіншісі – есту арқылы құлағына қағып алып, ертеңіне апайынан естігенін әріпін түсірмей айтып береді. Қызығы, олар өмірде де солай қалыптасады.

Енді бірі мақтаса жақсы оқиды. Нашар оқығаным үшін көп жазаландым. Он бір жыл бойы бір рет мақтау естімегенім, әрине, өкінішті. Бірақ, жаным ұстаздарымның әйтеуір бір қабылетімді мақтағанын қалап тұратын. Талпынғым келген жерде қанатымды қайырып тастаған кез жиі кездескендіктен, бетім қайтпауын ойлап, ұмтылмайтын болдым.

Бізде қалай: о бастан үздік оқысаң – адамсың. Нашар оқысаң – адам санатында жүрген тірі жансың. Кез келген тәртіпсіздікке алдымен сен жазаланасың. Үздіктің тәртіп бұзуы мүмкін емес деп қабылданып, нашар оқитынды жазалау арқылы, бала бойында өшпенділікті, ештеңеге жаны ашымауды қалыптастыратына мән бермейді.

Үздік

Жаным бәсекені сүйетіндіктен, үнемі озатынмын. Берген білімді толықтай қайтарып алуға тырысу қате ұғым. Мұғалім сабақты толыққанды берсін. Бала қаншалық қабылдағаны не қабылдамағаны – интеллектке келіп тіреледі. Интеллект бар адамға тән емес қой? Мәселен, жер жүзіндегі адамдардың небәрі 10 пайызы ғана интеллекті жоғары дәрежедегі адам болуы мүмкін.

Жоқтан бар жасауға тырысу, баланың бойындағысын жоғалтуына ықпал етіп, кері нәтижеге ұрындырады. Өз басым партада жеке отырғанды қалайтынмын. Біздегі тағы бір кері әсер ететін мәселе – бір партада екі, немесе үш баланың отырғаны.

Күннің ортабеліне дейін бір партада өзгемен бірге отырғаннан жаным сығылатын. Еркін қимылдағым, жаным қалай қаласа солай отырғанды армандайтынмын. Қасымда отырған сыныптасыма бір орнымда тыныш отыра алмайтынымнан көп кедергі келтіргенімді білемін.

Ал, маған оның отырғаны, дәптерге қалай жазғаны, қаламсабын қалай ұстағаны ұнамай, жынымды келтіретін. Сабақ сайын қасыңдағы жыныңа жақпайтын жанның әдетіне шыдаудың бала үшін қаншалық азаптығын білім саласы неге ескермеске? Өкінішке орай, ол мүмкін емес. Қалыптасқан тәртіп бойынша, міндетті түрде екінші біреумен жетектестіріп қояды.

Шетелдік тәсілге қарасаңыз, әр баланың жеке орындығы бар. Әр бала жеке орындықта – жеке тұлға болып қалыптасуына мүмкіндік береді. Қыбырлап қалған бала бәрібір қыбырлап-жыбырлап отырып тыңдайды. Солай қабылдайды. Өйткені, табиғаты солай.

Мұғалім тыныш отыруын талап етеді. Бала қимылдап отырғанда жақсы қабылдауы мүмкін екенін ескермейді. Бір қарағанда “тым асыра сілтей талап ету” боп көрінетін жайттың, “тұлғалық қалыптасуға” кері әсері барын ескермегендіктен, қоғамда “тұлға” болуды ойламайтын ұрпақ өсіп жатыр.

Нашар

Бала өзіне қажеттіні қабылдайды. Санасы қажетсінбеген ақпаратты миын тесіп тастасаң да қабылдамайды. Ол үшін күллі сынып алдында намысына тиіп ұрсу, директорге сүйрелеу, ата-анасына арыздану дұрыс емес. Шындығында еш нәтиже бермейді. Керісінше – өшпенділікті өршітеді.

Үздіктің қасымда отырғаны уақыт өте келе жанымды егейтін болды. Әсіресе, бақылау сабағында. Ол, әлбетте, ең алдымен жазып қояды. Мен пысылдап отырғанда намысыма тиетіндей мысқылмен қарағанын көргенде, өлтіріп тастағым келетін. Мектеп қабырғасында төбелестің туындауына осындай жайттар тікелей әсер ететінін басымнан кешкендіктен айтамын.

“Өтпелі кезеңнен” қалай аман өткеніме өзім таңмын. Меніңше, анамның арқасында болса керек. Бала үшін ең сенімді қорған – Ана болуы керек. Бақытыма орай анам мені үнемі қолдап: “Атаң оқымаса да ауыл-елге сыйлы болды. Білімің жетпесе де бастысы – адам бол!” деп тәрбиелейтін. Соның арқасында көше қалтарысында кездесетін келеңсіздіктен аман қалдым деп ойлаймын.

Үздік

Балаға бейтарап қарауға болмайды. Кішкентай баланың бойында қатыгездік басым. Өзінен тайсақтайтын баланы көрсе қорлап, табанға салғанды ұнатады. Қорлыққа ұрынған баланың бойында өмірлік үрей қалыптасып қалмауына отбасынан қолдау көру – бала үшін өте маңызды фактор. Қателігін кешіре отырып қолдау көрсете, қорғай білсе, бала бойында сенімділік қалыптасып, өтпелі кезеңдегі жаман әдетке ұрынудан аман алып шығады.

Ата-анаң мен ұстазың өзіңді түсінетінін сезініп өскен баланың бойында үрей болмайды. Кез-келген қиындықтан аман шыға біледі. Мәселен, орта буында бой түзей бастағанда небір боғауыз сөз естисің, түрлі қатыгездікті көресің. Егер бала отбасында мейіріммен, махаббатпен өссе, айналасын қоршаған қатігездік пен нашақорлық секілді қасыретті бойына сіңірмей, кері лақтырып тастайтын қабылетпен жетіледі. “Кезінде өзіміз де төбелесіп өстік” деп жатамыз. Соның бәрі баланың қорғансыздығынан жүзеге асатын көптеген майда қасіреттердің жиынтығы.

Нашар

Табиғи қабылетіңе бола жазалану – қатыгездікке жетелейтін өте қауіпті фактор. Ата-анаң мен ұстазыңның жаратылған болмысыңды түсініп, барыңды қабылдай білгені – бала үшін ең үлкен бақыт екенін ескерген жөн.

Міне, таразының екі басын аз да болса саралауға тырыстым. Әлбетте, құзырлы министрлік ескерсе, сарапталса.