Бүгінде 150 миллиардтай долларлық қаражатымен әлемнің ең бай адамы саналатын, бес баланың әкесі Джеф Безос («Аmazon» интернет-дүкенінің қожайыны) бірде былай деген екен: «Мен балаларыма 4 жастан бастап пышақ ұстауға рұқсат бердім. Былай деп шештім: «Мен дүниені тану мүмкіндігінен айрылған баланың әкесі болғанша, тоғыз саусақты баланың әкесі болғаным артық!».
Назар аударайық: ең бай адам өз балаларын үлде мен бүлдеге орамай, олардың ізденістерін шектемей, оларды жасанды ортаға енгізбей, әлемді тануда толық еркіндік берген! Балаларын шын сүйген әке осылай жасауы да керек шығар!
Расында да, біздің балаларымызды өсірмейтін, дамытпайтын, алға жетелемей, керісінше, артқа тартатын мынандай шектеулер ғой:
– Сен мұны жасай алмайсың!
– Бұл сенің қолыңнан келмейді!
– Сен әлі кішкентайсың!
– Бір жеріңді ауыртасың! (Қолыңды кесесің!)
– Киіміңді былғайсың! (Құлайсың! Сындырасың! Төгіп аласың!)
– Тыныш отыр! (Шулама!), т.б.
Бала табиғатының бір ерекшелігі оның ұдайы, толассыз, еш тоқтаусыз әрекеттенуінде. Әрекет арқылы бала дүниені, өмірді таниды. Демек, оған бұл ізденісте жәрдем беру керек, оған дүниені зерттеу үшін мүмкіндік жасау қажет болар.
Баланың дүниені тануында майда-шүйдеге қарамау керек. Ондай майда-шүйделердің қатарына мыналарды жатқызуға болатын шығар:
– бір жерін ауыртып алуын,
– киімі мен денесінің былғануын,
– айналаны (үйді, ауланы) не ойыншықтарын шашуын,
– ойыншықтарының немесе ыдыс, басқа да бұйымдардың сынуын,
– айғай-шу шығаруын,
– ересектердің тыныштығы мен мазасын алуын, т.б.
Шындығында да баламыздың дүниені тануы, білуі, зерттеуі қасында мұндай нәрселерді елемеген дұрыс та болар! Бұған қоса біз балаларымызға бұл істе көмек көрсетуіміз керек емес пе?! Оларға әлемді танулары үшін жағдай жасауымыз қажет!
Тәрбиенің де екі түрі бар деп есептеуге тұрарлық: «қолмен» және «автопилот».
«Қолмен» дегеніміз балалар ата-анасының айтқанымен ғана әрекет жасауы, әрбір іс-қимылын солардың сөзімен атқаруы. Бұл – құлдық психологияның айшықты бір көрінісі: «айтсаң – жасайды, айтпасаң – жата береді» дегеннің сорақы мысалы. Мұндай тәрбиеде бала өзінің таңдау жасау мен шешім қабылдау құқығын толығымен ересектердің құзырына беріп, өзіндік пікір білдіру еркінен бас тартады. Ол үшін барлығын да ата-ана жасайды, шешеді: қашан оянуды, не ішіп-жеуді, не айтуды, не және қалай жасауды, қалай жүріп-тұруды, т.б.
Нәтижесінде бала ырықсыз, ынтасыз, бастама мен белсенділіктен жұрдай болып өседі. Мұндай баланың әке-шешесінің мойнында өле-өлгенше отыруы ғажап емес. Мұндай бала «Бүкіл әлем маған міндетті болып, қызмет жасауы керек!» деген ұғымда өмір кешеді. Әрине, бұл ұстанымның өмір бақи «бала» болып қалған, бақытсыз, табыссыз адамдардың түсінігі екендігі анық.
Бұған кім кінәлі? Әлбетте, балаларына қаршадайынан ерік бермеген, оны өздігімен таңдау жасап, шешім қабылдауға, әрекеттенуге үйретпеген, ынталандырмаған ата-ананың өзі.
Ал «қолмен» тәрбиелеу – оңай шаруа. Өйткені бала айтқаныңды жасайды, айтқаныңмен жүреді. Ал балаға қазір де, болашақта да не қажет болу екендігін оның өзі білмей, ересектер жақсы біледі емес пе? Біз өзімізді осылай алдаймыз да балаларымыз қателеспеу үшін, кедергілерге ұшырамау үшін оларды «қолмен» тәрбиелеуге ұмтыламыз. Алайда мұндайда бала көп қасиеттер мен дағдыларды тұла бойында қалыптастыра алмайды да. Мысалы, пікір дербестігін, ой мен әрекет еркіндігін, дұрыс таңдау мен өздігімен шешім қабылдау, т.б.
Мен әдетте мынандай мысал келтіремін. «Кешке жақын жұмыстан үйге шаршап-шалдығып келдіңіз делік. Аулаға кіріп келгенде байқадыңыз: аула сыпырылмаған, малға жем-су берілмеген. Үйге кіріп едіңіз, көзге мынау оттай басылды: үй жиналмаған, тамақ жасалмаған, кір жуылмаған, тағы да басқа келеңсіз жәйттерді байқадыңыз. Балаларыңыздың барлығы да телевизор (немесе компьютер) алдында отыр. Оларға ренжіп: «Мынаның бәрін жасамадыңдар ма?!» деп айттыңыз. Ал балалар болса ақталып: «Жаса!» деп айтпадыңыз ғой!» десе, онда бұл олардың құлдық психологияны толық қабылдағандығын айғақтайды. Тек ерікті адамдар ғана ешкім айтпаса да өзі үшін өздігімен жасайды. Ал құлдар тек айтқызып қана жасайды.
Әрине, «қолмен басқаруға» қарағанда «автопилоттың» анағұрлым тиімді екендігі анық. Балаларымызды «автопилотта» өздігімен өмір сүруге, әрекеттенуге үйрету керек. Ол үшін балаларымызға қаршадайынан сену керек, оларға таңдау және шешім қабылдау еркін беру керек, олардың өзіндік пікірде болу және қателесу құқығын мойындау қажет. Балаларға ақыл айтып, нұсқау берудің орнына олармен ақылдасу, кеңесу, сырласу керек. Оларды (тұлғасын, пікірін, көзқарасын, түсінігін, т.б.) сыйлау керек. Балаларда өз өміріне деген жауапкершілік сезімін тудырып, оларда мынандай түсінік қалыптастыруға ұмтылған жөн: «Бұл өмір – менікі! Мен оны өзім жүріп өтуім керек! Мен үшін ешкім өмір сүрмейді!»
Шындығында да біреуге «Мен үшін өмір сүре салшы!» (немесе жалқау, құлықсыз, өмір сүруден қаймығатындардың арманы болған: «Мен үшін тамақ іше салшы!», «Мен үшін оқуға түсе салшы!», «Мен үшін кітап оқи салшы!», «Мен үшін ауруханаға жата салшы!», «Мен үшін жасай салшы!», т.б.) деп айта алмайсың ғой, оны өзің жасауың керек қой! Бұған қоса өзіміз өлуіміз де керек емес пе?! (біреуге «Мен үшін өле салшы!» деп айтудың еш қисыны болмас).
Сонда ғана балаларымыз өмірдің мән-мақсатын (өзінің не үшін өмір сүретіндігін) нақты айқындап, кез келген жағдайда ешкімге иек артпай өздігімен әрекеттенетін болады. Осылайша оларда өз өміріне, әрбір әрекет мен айтқан сөздеріне деген жауапкершілікті қалыптастыру керек.
Егер менен «Баланы не нәрсеге үйрету керектігін бір сөзбен келтіріңіз!» деп сұраса, мен «Өзінділікке!» (самостоятельность) деп жауап берер едім.
Есімде, үлкен немерем Мүслиманың бір жасқа толмаған кезі. Ас бөлмесіне кіріп келіп, мынандай суретті көрдім: келінім Гүлжайна Мүслимаға кілегейді шай қасықпен аузына тосып, немеремді тамақтандыруда екен. Мен:
– Қызым, бұлай бергенше, қасықты Мүслиманың қолына ұстата сал: өзі-ақ жемей ме?! – дедім.
Келінім:
– Ой, ата, олай жасаса, Мүслима үстін де, едендегі кілемді де былғайды ғой! – деп жауап қатты.
Мен:
– Бірақ баланы тамақ жеп үйретудің басқа амалы жоқ емес пе?! Киімін де, кілемді де жуамыз! Ал басқаша оны үйрете алмаймыз емес пе? – дедім.
Келінім келісті.
Аз уақыттан кейін ас үйге кіріп келіп, еріксіз күліп жібердім: немерем кілегейді қасықпен өзі жеп отыр, алайда дастарханды да, киімін де, беті-басын да, едендегі кілемді де кілегеймен быламайлап тастаған! Алайда өзі мәз, мықшыңдап құтының ішіндегі кілегейді қасығымен іліп алуға талаптануда.
Артынан келінім Мүслиманың бетін жуып, бар киімін ауыстырып, едендегі кілемді де тазалап, біраз уақыт мықшыңдап жатты…
Бала осылайша ғана үйренеді! Оны қасық ұстауға, өздігімен тамақтануға басқаша үйретуге болмас. Ал бұл жолда біздер, ересектер, үшін талай келеңсіздіктер болады: бір нәрселер бүлінеді, былғанады, сынады, ауырады, тыныштығымыз бұзылады. Ондайларға біз түсінушілікпен қарауымыз керек. Ондайларсыз баланың дүниені тануы, өмір сүруге үйренуі мүмкін еместігін мойындауымыз қажет.
Баланың ең басты арманы – ересек болу. Сондықтан да оған ересектердің жұмысын тапсыру керек. Мәселен, біз қандай да бір әрекет жасағанда (үй жинау, тамақ пісіру, дастархан жаю, ыдыс не кір жуу, аула мен қораны сыпыру, дүкенде сауда жасау, отын жару, малға қарау, кітап оқу, жұмысқа дайындалу, т.б.) оның бір шетін балаларға беріп қою керек, балаларға сол әрекетпен айналысуды ұсыну керек.
Немерем Аяла 7-8 айға келіп ширай бастағанда, мен келінім Дәнияға ылғи да: «Қызым, не істесең де – бір шетін Аялаға беріп қой: үйрене берсін!» дейтінмін. Келінім солай жасады да. Нәтижесі мынау: 5,5 жастағы Аяла бүгінде анасы тамақ жасағанда, қолына пышақ алып көкөністерді аршып, турайды, үйді де жинайды, киімдерді де үтіктейді, 8 айдағы інісі Темірханға да жақсылап қарайды. Жақында мен одан: «Аяла, сен қандай тамақ жасай аласың?» деп сұрадым. «Ботқа пісіре аламын, жұмыртқа қуырамын, бутерброт пен салаттар жасай аламын! Бірақ мен газды пешті жаға алмаймын!» деп жауап берді бүлдіршін қызым.
Ересектердің ісімен шұғылдану – бала үшін кереметтей қызықты да таңсық іс! Баланың осы ерекшелігін пайдалану керек! Яғни, балаларымыз титтей кезінен үй жинау, тамақ пісіру, дастархан жаю, ыдыс не кір жуу, аула мен қораны сыпыру, дүкенге барып сауда жасау, отын жару мен жағу, малға қарау, кітап оқу, т.б. әрекеттерге қатысуы керек. Алдымен ересектермен бірге, кейінірек өздігімен. Кезінде Л.С.Выготский былай айтпап па еді: «Бала алдымен бірлесе жасағанын кейінірек жекелей де жасай алатын болады» деп?
Мысалы, үйде ақша ұстауды балаға (немесе балаларға) 8-9 жасынан беру керек. Бұл үшін оған (оларға) аптасына пәленше ақша беріп, оған сатып алатын заттардың тізімін де қолына ұстату керек. Бала (балалар) бір нәрсені сатып алғанда тізімге қашан және қаншаға алғанын жазып қою керек. Жексенбі күні кешкі астан кейін бала (балалар) отбасы мүшелері алдында сауда жасағандығы туралы есеп беруі керек. Әрине, басында қолына ақша мен сатып алу мүмкіндігі берілген бала ақшаны беталды жұмсауы да әбден мүмкін. Ата-ананың бұл жерде даналық, сабырлық пен шыдамдылық, түсінушілік танытуы керек. Бұл үшін баланы ұрыспай, жазаламай, бұл келеңсіз жәйтті баламен бірге талқылап, оның мән-жапсарын баламен бірге түсінуге тырысқан дұрыс.
Үйде ақша ұстау арқылы баланың (балалардың) жауапкершілігі артып, оның (олардың) ұқыптылыққа, үнемділікке, қанағатқа, ысырапқа жол бермеуіне, есеп-қисап жүргізуге үйренуі ықтимал.
«Баланы жастан» дейді дана қазақ. Баланы ертеден ересектердің әрекеттеріне үйрету – әлемдік тәжірибе.
Мысалы, атақты кеңес педагогтары Борис және Лена Никитиндер балаларын 6 жасынан бастап жалғыз өздерін пойызбен басқа қалаларға жіберіп отырған. Әрине, сіздер «Ол заманда елдің пиғылы басқа еді. Ол кезде баланы қорықпай далаға шығарушы едік. Ал қазір тіпті аулаға шығарсаң да, оны қадағалап отыру керек!» деген уәж келтірерсіздер. Ол да дұрыс. Бірақ баланы өздігімен ересектердің әрекеттерін жасаудың амалдарын қарастырмаса, баалаларымыз қалайша үйренер екен?
Жапония теледидарларында мектепке дейінгі жастағы балалар үшін алуан түрлі реалити-шоулар ұйымдастырылады. Онда 5 жастағы кішкене балаларға қала ішінде өздігімен жол тауып, бір жерден екінші жерге бару тапсырылады. Балақандардың маршруты қаладағы толып жатқан видеокамералар арқылы толығымен қадағаланса да, оларға таңдау жасап, шешім қабылдау құқығы беріледі.
Мұнда да сіздер «Жапон мәдениетінің мынандай ерекшелігі бар: көшеде кез келген ересек адам кішкене баланы көрсе, одан жөн сұрауды, оған көмектесуді, оған жол сілтеуді өзінің міндетті борышы санайды. Сондықтан да бұл әрекет оларда жүзеге асуы мүмкін, ал бізде қайдам!..» деп тағы да күмән білдіруіңіз ықтимал. Бұл орынды да. Алайда біз болдырмаудың амалын келтіруден гөрі, болдырудың амалдарын қарастырайық! Болдырмау оңай, болдыру қиын!
Осы секілді әрекеттер балаларымызды пысық, еті тірі, еңбекқор, елгезек жасайды емес пе?! Осылайша балаларымыз қаршадайынан еңбекке, белсенді әрекеттерге бейімделіп өседі. Оларда еңбектену мен белсенді әрекет жасау дағдылары қалыптасады.
Менің бір танысым былай деп сұрайды: «Қазақ пен қытай аналарының айырмашылығы қандай?» Іле-шала бұл сұраққа өзі жауап береді: «Баласы жыласа – қазақ ана емшегін оның аузына тосады. Ал қытай анасы баласы жыласа, омырауын ағытып, сәбиін кеудесіне жатқызады. Неліктен? «Емшекті өзі тапсын!» деген мақсатта. Осыдан кейін кімнің еңбекқор болатындығын сізден сұрамай-ақ қояйын!» деп күледі танысым.
Бірақ балаға тек ересектер жасайтын әрекеттер ғана қызық емес. Оларға ересектермен бірге жасаған әрекеттер де қызық! Мынаны түсіну керек: бүгінгі күннің ұстанымы кешегідей «Бала үшін!» емес, «Баламен бірге!» Яғни, барлық әрекеттерімізге балаларды араластырумен бірге, өздеріміз де балаларымыздың әр әрекетіне қатысуымыз керек! Баламен бала болуымыз керек!
Ыбырай Алтынсарин да өзінің атақты өлеңінде осы жәйтті меңзегендей:
…Кел, балалар, оқылық!
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!
Ағартушы ересектердің балалармен БІРЛЕСЕ әрекеттесуі жайлы емірене айтқаны көрініп тұр: «кел», «оқылық», «тоқылық» деп бас қосып, жұмыла оқып-үйренуге шақырады ол. Ыбырай атамыз бұл идеядан алыс болса, онда оның өлең жолдары басқаша келтірілген болар ма еді:
Бар, балалар, оқыңдар!
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқыңдар!
Балаға ұсынған әрекеттерді онымен бірлесе атқарсақ – баламыздың көңілінен шығамыз, қомақты нәтижеге қол жеткіземіз. Балаға ұсынған тапсырманың өзімізге де қызықты екендігін көрсетуіміз керек сияқты. Егерде балаларға «Мынаны жасаңдар!» деген тапсырма беріп, өзіміз оны орындамайтын болсақ, онда балаларымыздың да әрекеттенуі екіталай. «Балалар, мынаны жасаңдар, өйткені ол ертең сендерге керек болады!» деп, өзімізді «Ал маған мұның қажеті жоқ, өйткені мен оны білемін!» деген сыңайда шет ұстап, берілген тапсырманы орындауға асқан құлық танытпасақ, балаларымыздың да оны ынта-ыждаһатпен орындауы екіталай болады.
Балалардың қызығушылығы ересектермен бірге әрекеттесуден еселей артады. Тапсырма ұсынып, оның өзімізге де қызық екендігін көрсететін болсақ, оқушылардың да бұл тапсырманы асқан ықыласпен орындайтындығы анық. Әр балаға өз ой-пікірін айту мүмкіншілігін беріп, баламен тілдесуге мүмкіндік тауып, оны демеп, ынталандырып отырса, – біз көптеген проблемаларымызды шешер ме едік? Ата-аналар өз баласымен үйде кез келген жұмысты бірлесе орындап (бұған мектепте үйге берілген тапсырмаларды да қосу керек), ылғи да баласының икемдерін дамытып отырар еді…
Менің ойымша, осыны түсінсек, онда бәріміз де баламен бірге уақыт өткізуге ұмтылатын шығармыз: үйде де, мектепте де. Сонда біз баламен жұмыстың талай-талай әдіс-тәсілдерін қолданатын едік. Әке-шеше де, мұғалімдер де баламен бірге әрекеттенуі керек. Мұнда ең бастысы ересектер бала жұмысының өздеріне де қызықты екендігін көрсетуі керек. «Математикадан үйге қандай тапсырма беріп еді?.. Оу, мынау қызық тапсырма екен ғой! Қиындығы да мол! Кел, екеуіміз мұны бірге орындайық! Сенің ойыңша, алдымен не жасау керек? Алғашқы амалы қандай болады?» Осылайша баланың қызығушылығын арттырып, оны ынталандырып, оның әр жетістігі мен табысына риза болып, «алақайлай» отырып, бірге сабақтарға дайындалса ғой, шіркін!
Мүмкін осыдан балалардың ынтасы арта түсетін шығар?..
Біз баламен өткізген уақытымызды өміріміздің ең шұрайлы да қызықты сәттеріміздің бірі деп түсінуіміз қажет. Көп жағдайда ересек адамдар тек бір-бірімен өткізген уақытты ғана құнды деп есептейді, мәселен, той, жиындар, жұмыс, т.б.
Алайда бала әлеміне шарықтап, баламен қауышу кезінде өзіңді бала секілді жаманшылық атаулыдан таза, пәк болатындығымыз ересектермен қарым-қатынастан анағұрлым маңызды емес пе?! Баламен өткізген уақытта біздің қартаюымыз да тежеледі, денсаулығымыз бен өңіл-күйіміз де жақсарады.
Психолог Уильям Глассер мектептегі барлық сәтсіздіктердің бастауы мына екі мәселеде жатыр деп есептеген: 1) сүйіспеншіліктің жетіспеушілігі, 2) өзін-өзі төмен бағалауы.
Сол себепті де балаларымызға махаббат сыйлап, оларды ылғи да асқақтатып отырғанымыз жөн. Мәселен, мейірім мен мақтау арқылы.
Баланы не үшін мақтау керек? Баланы оның туа біткен қабілеттері үшін мақтамау керек. Мысалы, «Менің қошақанымның ақылы көп!», «Менің ботақанымның есте сақтау қабілеті жоғары: бәрін бір айтқаннан-ақ қағып алады!», «Менің балапаным дарынды!» немесе «Менің қызым Қыз Жібектей сұлу!» деп. Өйткені бұл жағымды ерекшіліктер біздің баламызға туғанынан берілген, олардың бар болуы үшін баламыз еш еңбек сіңірмей, тер төккен де жоқ қой?
Егерде баланы туа біткен қабілеті мен дарыны үшін мақтайтын болсақ, онда бала өзінің ерекшелігіне ерте сеніп, белсенді әрекет жасаудан екі себептен қашқақтауы мүмкін: 1) Балада «Мен неліктен ұмтылуым керек? Менің бойымда барлық қабілеттер бар емес пе? Соның арқасында-ақ бұл мәселені шешіп тастамаймын ба?» деген өзін-өзі әсіре бағалау басым болуы мүмкін. 2) Бала тек қолынан келетін, жағымды нәтижеге әкелетін әрекеттерді жасауға ғана құлық танытып, қиын әрі жағымды нәтиже бере алмауы мүмкін әрекеттерден қашқақтауы ықтимал.
Баланы оның белсенді әрекеттері, жасағандары үшін, өзімен өзі күрескені үшін, өздігімен қалыптастырған дағдылары үшін мақтау керек:
– тырысқандығы,
– сіңірген еңбегі,
– көрсеткен шыдамдылығы,
– тез үйрене білуі,
– жаңа дағды қалыптастырғандығы,
– қағілезділігі,
– жоғарғы ынтасы мен мақсатқа жету ұмтылысы,
– қайтпас жігері,
– қиындықтан қашпағаны,
– проблема шешімін тапқаны,
– жауапкершілікті біреуге ысыра салмай, өзіне алғаны үшін,
– бастамашылдығы,
– жаман қылығын тыйғаны,
– жалқаулығын жеңгендігі,
– басқалармен тез тіл таба алғандығы және оларды ұйымдастыра алғандығы үшін.
Сондықтан да балаға көп көңіл бөлу керек! Ғалымдардың пайымдауы бойынша, балаға жұмсаған инвестициялардың қайтарылымы 5 есе екен! Бұл тұрғыдан алғанда ол тек адамның өзіне, өзінің дамуына салған инвестициялардан (өз біліміне, өсуі мен дамуына, оқуына, т.б.) ғана кем болады: өзіңе салған инвестиция 15 есе қайтады екен.
Демек, балаға бүгін қанша қаражат, уақыт, күш жұмсасақ, ертең бала есейгенде олар 5 есе қайтады деген сөз. Ересек болғанда баламыз бізге де қаражат, уақыт, күш-жігерін бізден бес есе көп қылып жұмсайды. Қартайғанда бұдан басқа бақыт бар ма екен?!.
Әр ата-ана балаларын «автопилотқа» үйрету керек. Сенім арту арқылы, сыйлау арқылы, қолдау арқылы, жауапкершілігін арттыру арқылы, ақылдасу мен әрекеттерін талдау арқылы, оларды жанұяны басқару ісіне тарту арқылы.
Баланы өмірде «автопилот» ұғымын ұстанып, өздігімен өмір сүруге, әрекеттенуге үйрету – оңай шаруа емес! Бұл – қиынның қиыны. Алайда бізде басқа амал жоқ!
Ең оңайы – ата-анаға балаларын «жұмса – жұдырығында, ашса – алақанында» ұстау, оларды өз дегенінің ауқымында ұстау. Бірақ ондай ұстанымның нәтижесінде біз ырықсыз, ынтасыз, өзгелер үшін өмір сүретіндер мен жұмыс жасайтындарды қалыптастырамыз.
Өз обалымыз өзімізде…
Асхат Алимов