23.11.2024

“У” мен “й”-ді дыбыс жүйесіне келтіріп, дұрысынша жазуымыз керек

Қазақ тіл білімінің тарихында й, у дауыссыздарының емлесі көп талас тудырған мәселелердің қатарына жатады. Бұл ­– кейінгі жылдары ғана пайда болмаған, талас тудырып келе жатқанына бір ғасырдан аса уақыт болған мәселе.

ХХ ғасырдың басында А.Байтұрсынұлы, Е.Омаров, Т.Шонанов, Қ.Кемеңгерұлы, Қ.Жұбанов, т.с.с. ғалымдардың еңбектерінде “й”, “у” дыбыстары шала дауысты немесе жарты дауысты деп аталған. Осыған байланысты соңғы жылдары “Ахмет Байтұрсынұлы бастаған алаш зиялылары й, у дыбыстарын дауыстылар қатарында таныған” деушілер де бар. Алайда Ахмет Байтұрсынұлы шала дауыстылар қатарында й, у дыбыстарымен қатар м, н, р, л дыбыстарын да атаған.

Не себепті шала дауысты, жарты дауысты деген атаулар қолданылғанын түсіну үшін ХХ ғасырдың басындағы атау (дауысты, дауыссыз) берудегі ұстанымдарды ескерген жөн.

“Қазақ тілінің дыбыстары” деген мақаласында Елдес Омаров көмейден (дауыс қабыршағының дірілдегенінен) шығатын дыбысты дауыс‚ тілдің қозғалғанынан‚ таңдайдан‚ тістен‚ еріннен‚ мұрыннан шығатын дыбысты жай дыбыс деп атай отырып‚  дыбыстардың топтастырылуын былайша түсіндіреді:”Қазақша дыбыстардың әрқайсысын осылай, ішіндегі дауысы мен жай дыбысының шамасына қарай тексерсек: 1) біздің дауысты дыбыстарымыздың бәрінде де жай дыбыстан да дауыс көп болады; жарты дауысты мен ұяң дыбыстарда дауыс та болады, жай дыбыс та болады, бірақ дауысты дыбыстарға қарағанда, дауыс аз болады да басқа дыбыстардан дауысы артық болады” (Омаров Е. Қазақ тілінің дыбыстары // Жаңа мектеп‚ 1927. №2 (17). – 61-67-б.).

Яғни дыбыстың құрамында дауыс көп болса – дауысты, дауыс болмай, жай дыбыс қана болса – дауыссыз деп аталған да дыбысқа дауыс біршама мол қатысатындықтан, “басқа дыбыстардан дауысы артық болғандықтан шала немесе жарты дауысты деп аталған. Яғни дыбыстар дауысты, дауыссыз деп қана жіктелмей, шала немесе жарты дауыстылар да сараланған.

ХХ ғасырдың басында орыс тіліндегі жіктелу үлгісінің әсерімен й, у дыбыстарын дауысты ретінде танушылар да болған. Сол себепті А.Байтұрсынұлы, Е.Омаров, Т.Шонанов, Қ.Кемеңгерұлы, Қ.Жұбанов сынды ғалымдар дауыстылардың (толық дауысты) санын тоғыз (жуан-жіңішкелікті ескеріп) деп көрсетсе, Ж.Аймауытұлы, Б.Малдыбайұлы, С.Мұқанұлы й, у дыбыстарын да дауыстыға жатқызып, қазақ тілінде он бір дауысты бар екенін айтады, ал Малабайұлы э, ю, я әріптерін де дауыстылардың қатарына қосып, дауыстылардың санын он төртке жеткізеді.

1924 жылы Орынборда өткен білімпаздар сійезінде де бұл мәселе талас тудырады. Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омаров сынды ғалымдар қазақша дыбыстарды дыбыс жүйесінше жіктегенде у мен й дауысты дыбыстарға жатпай, дауыссыз р мен л-ға қосылып кететінін, қазақша тау, мүйіз сықылды сөздер бірсыпыра түрік халықтарында тағ, мүгіз түрінде айтылатынын негізге ала отырып, у мен й дауыссыз екенін дәлелдегенмен, сійезге қатысушылар арасында бірауыздылық болмағандықтан, бес кісіден (Байтұрсын ұлы Ақымет, Шонан ұлы Телжан, Омар ұлы Елдес, Мырза ұлы Мұқтар, Досмағамбет ұлы Қалел) құралған комиссия жасақталып, бұл мәселе арнайы талқыланады. А.Байтұрсынұлы аяғы ұу, ыу, ый болып тынатын сөздерге түрлі қосымшалар жалғап, оны дауысты дыбыстардың жұрнақ-жалғауымен салыстырғанда да, қай жағынан тексергенде де у мен й дыбыстарын дауысты деуге болмайтынын, екеуінің де дауыссыз екенін дәлелдейді.

Сійез барысында қазақ тілінде дауысты у мен дауысты й-дың бар-жоғын дауысқа салған кезде Бөкейқан ұлы Әлиқан, Омар ұлы Елдес, Досмағамбет ұлы Қалел, Дулатұлы Мыржақып, Шағи ұлы Нығметжан, Байтұрсынұлы Ақмет, Тұрғанбай ұлы Манан, Алдонғар ұлы Ерғали, Наурызбай ұлы Мырза, Жолдыбай ұлы Молдағали, Ақбай ұлы Рүстем – барлығы 11 кісі қазақ тілінде дауысты й, у дыбыстары жоқ екенін қолдап дауыс береді, 6 адам (Сүгірұлы Рақым, Арабай ұлы Ишанғали, Мырза ұлы Мұқтар, Төреғұл ұлы Нәзір, Залы ұлы Нұғман, Ералы ұлы Нұртаза) қазақ тілінде дауысты у мен и бар екенін қолдап дауыс береді. Сійезде зиялылар у мен й-дің жазылуы дыбыс жүйесінше болуы керек” деген шешімге келеді.

Ахмет Байтұрсынұлы “Еңбекші қазақ” газетінің 1929 жылғы 27 наурызында жарияланған “Емле туралы” атты мақаласында да й, у дауыссыздарын дыбыс жүйесінше жазу керектігін ескертеді.

Шағын мақаламызды осы мәселеге арнап, қазақ тіл білімінде й, у дыбыстарына қатысты ұстанымдарды тарқатып, таратып жазуымыздың өзіндік себептері бар. Себебі қазақ тілінің шынайы болмысын дөп басып тани білген, таныта білген алаш зиялылары репрессияланған соң қазақ тіл білімінде еуропоцентризм белең алып, й, у дыбыстары бірде дауысты, бірде дауыссыз ретінде танылып келді. Қазіргі кезде де әліпби өзгерту, емле ережелерін реттеу барысында бұл мәселе қайтадан талас тудырып, түрлі пікірлер айтылып жүр.

Қазақ тіл білімінде ғана емес, түркітануда түбегейлі реформа жасап, қазақ тіліндегі дыбыс жүйесінің шынайы болмысын танытқан, “қазіргі заманның Ахметі” атанған ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек Ахмет Байтұрсынұлының ұстанымдарын басшылыққа ала отырып, й, у дыбыстарын дыбыс жүйесінше дұрыс жазу керектігін сан мәрте дәлелдегенмен, осы уақытқа дейін жарық көрген орфографиялық сөздіктерде де, “Егемен Қазақстан” газетінде жарияланған емле ережелерінде де й, у дыбыстары бірде дауысты, бірде дауыссыз дыбыс ретінде таңбаланып келеді.

Қазақ тілінде -ып/-іп, -ыс/-іс, -ыт/-іт, т.с.с. қосымшалар сөзге жалғанғанда екі дауысты қатар келгендіктен, қосымшадағы ы, і дыбыстары түсіп қалғанмен, түбірдің соңындағы ы, і дыбыстары сақталады: оқып, оқыт, оқыс, келіп, көріп, айтып, іріп, іріт, сезіп, шіріп, шіріт, т.с.с. Ендеше, у, й дауыссыздарынан бұрын неге сөз соңындағы ы, і дыбыстары түсіп қалуы керек?

ҚР ҰҒА академигі Рәбиға Сыздық 2018 жылы “Қазақ әдебиеті” газетінің бірнеше санында жариялаған Латын жазуы: емле ережелерін түзуде ескеретін жайттар” атты мақаласында (Қазақ әдебиеті. – 2018. – 14-20 қыргүйек (№ 36). – 12-б.; 28 қыргүйек-4 қазан (№38). – 19-б.; 5-11 қазан (№ 39). – 19-б.): “Йы, йі дыбыстарына біткен етістіктерге көсемшенің -ый/-ій жұрнағы жалғанғанда ый, ій әріптерінің орнына жалғыз й әрпі жазылады. Мысалы: байы + й – байый (Біздің ауыл жылдан жылға байый бермек), байыймын, байыйсың, байыйды (және осылардың көпше түрлері), байыйтын; кейі+й – кейій (Сен оған кейій берме), кейіймін, кейійсің, кейійді, кейійтін; ұйы + й(ды) – ұйыйды (Сүт тез ұйыйды), ійі + й(ді) – ійійді (Бұл сиыр тез ійійді)”, – деп жазған болатын.

Алайда ғалымның бұл тұжырымдары да ескерілмей, емле ережелерінің талқыларында “ıy, ıi әріп тіркестеріне аяқталған етістікке көсемшенің ı (-й) жұрнағы жалғанғанда, екі ı әрпі қатар жазылады: baıy – baııdy, keıi – keııdi. uý (ұу), úý (үу) дыбыс тіркестері cөздің барлық шебінде ý әрпімен жазылады: ýyldyryq, ýyz, ýildeý; týys, qýyrshaq, gýil, tintýir; oqý, sý, jazý, kelý, barý түрінде беріліп келеді.

Көсемше жұрнағы етістікке ғана жалғана алады, сын есімге не басқа сөз таптарына жалғана алмайды. Егер бай+и, кем+и түрінде жазатын болсақ, көсемше жұрнағы сын есімге жалғанған болып шығады. Бұл – тіл заңдылықтарына қайшы. Оның үстіне көсемше қосымшасы дауыссыз дыбыстардан кейін -а, -е түрінде ғана жалғанады: келе(ді), бара(ды), көре(ді), айта(ды), жата(ды), отыра(ды), т.с.с. Қазақ тілінде дауысты и дыбысынан келетін көсемше жұрнағы жоқ. Көсемшенің -й жұрнағы дауысты дыбыстардан кейін ғана жалғанады: қарай(ды), сайрай(ды), сөйлей(ді), т.с.с. Ендеше, көсемшенің -й жұрнағы жалғану үшін үшін алдыңғы дыбыс міндетті түрде дауысты болуы керек, яғни ы, і дыбыстары түсірілмеуге тиіс.

Қазақ тіліндегі ең кіші бірлік – буын. Сондықтан тұйық етістіктің қосымшасы – -ұу/ -үу, -ыу/-іу (соңғы сыңар А.Байтұрсынұлы ұстанымдарына сәйкес беріліп отыр). Бұл қосымшалар сөз дауыссызға біткенде тұрпатын сақтап жазылады да дауыстыға біткен жағдайда қазақ тілінің заңдылығы бойынша қосымшаның құрамындағы дауысты түсіп қалып, -у түрінде жалғанады. Бұл орайда Ахмет Байтұрсынұлы: “Егерде “ұ” (“ү” ) мен “ы” (“і”) дүдәмәл естілетін болса, ол дүдәмәлдік “ы” (“і”) жағына қарай шешіліп отырады ғой. Мәселен: “тан” деген, “таны” деген, “жан” деген “жаны”, “тас” деген “тасы” деген сөздерді алып, аяқтарына п, c, у қосып туынды сөз жасасақ, аяғы дауысты дыбыс болса, осы дыбыстарды қосамыз да қоямыз. Аяғы басқа дыбыстар болса, ы арқылы қосамыз: танып, таныс, таныу, жанып, жаныс, жаныу, тасып, тасыс, тасыу, – дейді.

Қазақ тіл білімінің негізін қалаған ғалымның бұл сөзіне алып-қосарымыз жоқ.

Қазақ тілінде оқ, ір, су, мой, шір, тас, жас, қас, тор, құр (құры-ның түбірі) деген етістіктер жоқ екені бәрімізге белгілі. Ендеше, ол сөздер қалайша көсемше қосымшасын қабылдайды? Тіліміздің тарихына жүгінсек, оқы, ірі, суы, мойы, шірі, тасы, жасы, қасы, торы, құры сөздерінің құрамындағы -ы/-і қосымшалары әу баста сөзжасамдық жұрнақ болған. Қазіргі кезде түбір ретінде танылғанмен, диахрондық тұрғыдан алғанда, жоғарыда келтірілген сөздерді (оқы, ірі, суы, мойы, шірі, тасы, жасы, қасы, торы, құры) түбір мен қосымшаға жіктеуге болады. Ал -ы/-і қосымшалары , ір, су, мой, шір, тас, жас, қас, тор, құр сөздерінен етістік тудырған. Сол себепті бұл сөздер көсемше қосымшасын қабылдайды. Бүгінгі таңда байы, кемі, т.с.с. етістіктердің құрамын морфологиялық тұрғыдан талдасақ, түбірі бай, кем сын есімдері екені анық көрінеді. Бұл сөздер қазіргі кезде түбір күйінде де қолданылып келеді. Бай, кем сын есімдері -ы/-і қосымшалары жалғану арқылы етістікке айналып, содан соң ғана көсемше жұрнақтарын қабылдайды. Яғни жоғарыда келтірілген сөздердің бәріндегі ы, і – есімді етістікке айналдыратын сөзжасамдық қосымшалар. Сөзжасамдық қосымшаларды түсіріп тастауға болмайды.

Бүгінде оқи, оқу, іри, іру, суи, суу, мойи, мойу, шіри, шіру, таси, тасу, жаси, жасу, қаси, қасу, тори, тору, құри, құру, т.с.с. түрінде жазылып жүрген етістіктердің болымсыз түрі оқымай, оқымау, ірімей, ірімеу, суымай, суымау, мойымай, мойымау, шірій, шірімеу, тасымай, тасымау, жасымай, жасымау, қасымай, қасымау, торымай, торымау, құрый, құрымау, т.с.с. болып таңбаланады. Яғни сөздің соңындағы ы, і дыбыстары сақталып жазылады. Ендеше, туынды сөз жасап (етістік тудырып тұрған) қосымшаны болымсыз тұлғада толық жазып, болымды тұлғада түсіріп тастау қаншалық қисынды болады?

Сөзіміздің тоқетерін Ахмет Байтұрсынұлының “Қазақ тілінде дауысты ұзын у мен и-дің жоқ екеніне мойындаған соң ыу, ұу-лардың орнына жалғыз у жазамыз” деудің түк қыйсыны жоқ. Мұнан бұлай “у” мен “й”-дің жазылуын дыбыс жүйесіне келтіріп, дұрысынша жазуымыз керек. Онан қашып, тілдің заңына келмейтін шатақ ереже шығарудың жөні жоқ, ондай ереже жазуды ауырлатпаса, жеңілдетпейді деген тұжырымымен аяқтамақпыз. Бұл – қазақ тілінің табиғатына сай келетін, бүгінгі таңда да өзектілігін жоймаған тұжырым!

О.Жұбаева
Филология ғылымдарының докторы,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
Грамматика бөлімінің меңгерушісі

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА