22.11.2024

Үлгілі мұғалім оқушы үлгерімін көтереді

Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен мұғалімдерге деген көзқарас та, құрмет те артып келеді. Жаңадан қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заңда педагогтердің жалақысын көтеру ғана емес, сонымен қатар оларды әртүрлі қоғамдық жұмыстарға жұмсамау, қағазбастылықтан арылту және мамандыққа қойылатын талаптарды күшейту мәселесі де қаралған.

Нақты қабілеті бар, бі­лімі жоғары жастардың мұғалім ма­­ман­дығына бет бұруына жағдай жа­сау назарға алынуда. Бұрын ҰБТ тапсыр­ған оқушылардың ішінде төмен балл жинаған оқушылар мұғалім маман­дығына түсіп кететін еді. Ал бү­гінде, керісінше, «Алтын белгі» ие­гері атанған жастардың ба­сым бө­лі­гі мұғалім мамандығын таң­дау­да. Бұл нені білдіреді? Мемлекет­тің ма­ңызды сала­ларының ішінде басқа ма­ман­дық­қа қарағанда мұғалім маман­ды­ғы­ның маңызды екенін түсініп келе жат­қаны­мыздың бір белгісі деп айта аламын.

Сонымен қатар жаңартылған білім беру мазмұны бойынша көптеген өзгеріс бар. Бұрын оқушы баға үшін оқитын болса, қазір оқушы білім үшін оқу керектігін түсініп келе жатыр. Себебі бүгінде оқу барысында бала­ға нақты дескриптор беріледі. Сол деск­риптор шеңберінде бағалау кри­те­рийлері ұсынылады. Осыған сәй­кес оқушы өз білімінің нақты қай дең­гейде тұрғанын анықтай алады. Бұл арқылы оқушылар арасында қарама-қайшы пікірлер туындамайды. Сондай-ақ сабақта әртүрлі әдіс-тәсілдер кеңінен қол­данылады. Мысалы, диалогтік оқы­ту әдісі, Джигсо әдісі, фишбоун әдісі және рөл­дік әдістерді айтуға болады.

Өзім елордадағы Мәшһүр Жүсіп атындағы №57 орта мектепте 10 жыл көлемінде ұстаздық етіп келемін. Осы уақыт аралы­ғын­да біраз оқушым олимпиада, ғы­лыми жоба сайыстарында, ғылыми-практикалық конференцияларда, әртүрлі байқауларда жеңімпаз атан­ды. Мен сабақта визуалды дерек­терді кеңінен қолдана­мын. Өйткені оқушы кітаптағы мәтін түріндегі ақпараттарды оқуы мүмкін, бірақ оны тез ұмытып қалады. Сол мәтін түріндегі ақпараттарды аудио, бейнеграфика, диаграмма, ани­ма­ция түрінде жеткізуге тырыса­мын. Бұл оқушылардың есте сақтау қабі­леттерін, шығармашылық ізденістерін арттыруға ықпал етеді.

Қазір Білім және ғылым министр­лігі жаңа жобаларды жүзеге асырып жатыр. Оның бірі – «Цифрлы мұға­лім» жобасы. Бұл арқылы цифрлы технологияны қолданып, Қазақстан бойынша білікті ұстаздар көптеген мектептің оқушыларын бірлестіре отырып, сабақ беруге мүмкіндік алады. Болашақта оқушы мұғалімді таңдау дәрежесіне жетуіміз керек. Бұл мұғалімдер арасында да бәсекелестікті арттырып, сапалы білім беруге жағдай туғызады.

2020-2021 оқу жылында «Хабар» телеарнасының қолдауымен түсіріл­ген «Теле-сабақ» жобасына жыл бойы қатысып, «Балапан» телеар­насынан 120-дан аса сабақ бердім. Ме­нің сабақтарым республика көле­мінде Қазақстанның түкпір-түк­пі­ріндегі оқушыларға көрсетілді. Дәл осын­­дай тәжірибе көрсетіп жатқа­ны­ма қуанамын және еліміздің білім беру саласын дамыту жолында аян­бай еңбек етуге, бар білгенімді бола­шақ ұрпаққа үйретуге тырысамын.

«Үздік педагог-2021» байқауына қатысып, қала көлемінде және республика көлемінде жеңімпаз атанып, осынау атаққа ие болдым. Білім және ғылым министрлігі тарапынан «Үздік педагог» төсбелгісімен марапатталдым.

 

Сарвар КУЛМЕТОВ,
Мәшһүр Жүсіп атындағы
№57 орта мектептің география пәнінің мұғалімі
Egemen Qazaqstan

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА